«Дипломмен— ауылға! — жас мамандарға берілген жаңа мүмкіндік».
Бағдарламаның басты мақсаты — ауылды аймақтарды қажетті әлеуметтік, техникалық мамандармен қамтамасыз ету. Жас мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақысы төленіп, баспана алуына жеңілдетілген несие беріледі.
«Дипломмен –ауылға» жобасында түлектерге жүктелер үміт үлкен, сенім мол және де үмітті іркілтпей, сенімді сапалы ақтауы парыз. Бұл жастар қауымының еліміз еркіндік алғалы бергі елді дамытуды көздеген алғашқы қарқынды қадамы болмақ. Ауыл қайнаған тіршіліктің ортасы, сезіне, түсіне білген адамға үлкен мектеп.
Елбасымыз Н.Назарбаев өз сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, қазір дағдарыс жағдайында бізді асырайтын — ауыл, ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл
тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет» —деп ашық та анық айтқан болатын. Сонымен қатар сол ауылдан шықсаңыз тіпті жақсы. Ауылдың әлеуметіне қанық, жағдайына жетік бола тұрып, сол елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ету сізге міндет.
Жаны отансүйгіштік сезіміне сусындаған, бойына елжандылық қасиеті дарыған жас ұлы істерді ақпай жасауға даяр.
Осы бағдарлама арқылы 2011 жылы Көкшетау каласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетті бітіріп, өз туған өлкеме, білім алған қара шаңырақ алтын ұя мектебіме еңбек жолымды бастауға жас маман болып келдім. Мен жоғарыда аталған оқу орнының «Физика бакалавры» мамандығын бітіріп, күні бүгінге дейін Қараөзек орта мектебінде еңбек етіп келемін. Мен бұл бағдарламамен мұқият танысып шығып, еңбек жолымды ауылдан бастасам деген ниетпен және өз туған жеріме үлесімді қосуға ат салысудамын. Жұмысқа орналасқаннан кейін біржолғы көтерме ақы төленді.
Ауыл өркендесе, еліміз көркейеді. Ертең жоба өз нәтижесін берген уақытта аға буынның жастарға деген көзқарасының өзгеретіні, құрметпен қарайтыны анық.
Қорыта айтқанда, бүгінгі ауылда қызмет етіп жүрген жас, ертең билік басында отыратын басшы. «Көзімен көріп, қолымен ұстап білген» маманды ғана тәжірибелі маман деп атауға болады. Ендеше «Дипломмен ауылға» жобасы маңызы зор мәселелердің шешімін табуға ықпал ететіні сөзсіз.